Шығармалары дүние жүзінің қырықтан астам тіліне аударылған, қазақ тарихында және әлемдік әдебиетте өз орны бар Қазақстанның халық жазушысы, ұлт жанашыры, мемлекет және қоғам қайраткері, еліміздің біртуар азаматы Мұхтар Шаханов ағамыз биыл 75 жасқа толғалы отыр.

Осы атаулы мерей тойына орай кітапхана ұжымы арнайы әдеби-шығармашылық кеш өткізді.

Жалпы қазіргі таңда Мұхтар ағаның туындыларын жас та, кәрі де іздеп жүріп оқиды десек қателеспейміз, тіпті қазақ халқының бірнеше ұрпағы Шаханов шығармаларын жаттап өсті деп сеніммен айта аламыз.

Шараның мақсаты – ақынның өмір өткелдері мен шабыты шалқыған шығармашылығын насихаттау, дәріптеу, кейінгі буынға таныту, шығармалары арқылы оларды рухани адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу болып саналды.

Аталмыш кешке жүректері жырға жақын 9-1-РЭС-16 және 9-1-ИС-16 топтарының студенттері мен кешті ұйымдастырған кітапхана қызметкерлері қатысты. Көрермендеріміз сұрақтарға қызығушылықпен жауап беріп, кешімізге белсене қатысып отырды.

Мұхтар Шаханов поэзиясы – бұл адамгершілік поэзиясы, бұл – намысты жанитын, рухты оятатын поэзия. Ақын поэзияға алғаш келген кезінен бастап ел тағдырын жырлаудан жалыққан жоқ. Шығармалары жақсылықтың басы – туған анаға, туған жерге, еліне деген сүйіспеншіліктен басталады.

Ақын қандай тақырыпта ой қозғамасын шығырмаларының ішкі астарында адамға, достыққа, халыққа, Отанға деген құрмет сезімі сезіліп тұратын рухани-адамгершілік құндылықтарға толы екенін байқаймыз.

Шара барысында ақынның өмірі мен шығармашылығын насихаттайтын слайд, «Отырар кітапханасы», «Төрт ана» туралы видеолар көрсетіліп, кітап көрмесіне библиографиялық шолу жасалынды.

Сонымен қатар, әсем әндер орындалып мен ақынның сырлы өлеңдерін қатысушы студенттер бар ынталарымен оқып шықты. Әдеби кеш көрермендердің қызығушылықтарын арттырып, әсерлілігімен ерекшеленді.