Ақпан айының 3-4 күндері Балқаш қаласында «РУХАНИ ЖАҢҒЫРУ – өскелең ұрпақтың дара жолы» атты республикалық пікір-сайыс турнирі өтті. Турнирге Алматы, Семей, Қарағанды, Теміртау қалаларындағы университет және Балқаш қаласының колледждері студенттерінен құралған командалар қатысты.

Бұл турнирде колледжіміздің намысын «Заңғар» фракциясы қорғады. Команда құрамы: Махантуреева Аниз (9-1ПБ-16) және Қырықбаева Ақниет (9-2РЭС-16). Жетекшілері «Әділет» пікірталас клубының жетекшісі Қамбаров Нұрлыбек Әріпбекұлы және «Жігер» алқалық жастар кеңесінің үйлестірушісі Айғожин Бекқожа Ешмағанбетұлы.

Балқаш турнирге қатысушылардың барлығын керемет атмосферамен, плакаттармен қарсы алды. Колледж директоры турнир басталмай тұрып, оқу орнының жетістіктерімен, базасымен таныстырып шықты. Туринирге қатысушылардың бір-бірін жақсы танысулары үшін кешкісін фуршэт жасап, тамаша ойындар ұйымдастырды.

Ал, турнир барысына келетін болсақ, командаларға жалпы қарарлар алдын ала ұсынылды. Нақты тақырып ойынға 15 минут қалғанда ғана айтылып отырды. Ойындар 2 кезеңнен тұрды. Бірінші кезең іріктеу ойындары, яғни үздік 8 фракцияны және 8 спикерді анықтау болып табылды.

Біздің команда бірінші ойында турнирдің болашақ жеңімпаздары Семейден келген медицина университетінің «Салауат» командасымен кездесті. Тартысты ойында сәл басымдылықпен семейлік команда жеңіске жетті. Ал, қалған 3 ойында қыздарымыз жеңіс туын желбіретуден жалықпады.

Бірінші күннің қорытындысы бойынша келесі кезеңге 8 команда жолдама алып, біздің команда 4-ші көрсеткішпен өтті. Сондай-ақ, 30 қатысушының 8 үздік спикерлері анықталды. Үздіктер қатарынан көрінген спикерлердің барлығы университет студенттері болып табылады, біздікілер ғана колледждердің намысын қорғады. Осы 8-дікке кірудің өзі үлкен жетістік деп бағалауға әбден болады.

Финалдық ойындарда біздің команда мен қыздарымызға жеребе жолдас болмады деп айтсақ болады. Жеребе тарту рәсімі бойынша қыздарымызға Алматыдан келген Ұлттық Зерттеу Университетінің командасы қарсылас атанды. Алматылықтармен болған ойында турнирдің ең тартысты ойындарының бірі орын алды. Тең дәрежеде өткен ойынның қорытындысы бойынша алматылық жігіттер келесі ойындарға жолдама алып, турнирдің вице-чемпиондары атанды.

Бұл турнир біздің командамыздың болашағы зор екенін, республикалық ойындарда университет студенттерімен терезесі тең дәрежеде ойын көрсете алатындарын тағы бір өздеріне дәлелдеді деп білеміз.

Осы орайда команданың республикалық турнирге қатысуына қолдау білдіріп, көмектерін аямаған колледж директоры мен орынбасарларына алғысымызды білдіреміз. Алдағы уақыттарда да қолдау білдіретіндеріңізге сенімдеміз, командаларымыз артқан сенімді ақтайды деп үлкен үмітпен айта аламыз.