Ақпанның 6-шы жұлдызында колледжімізде Жастар жылына арналған бөлімдер арасында пікірталас турнирі өтті. Турнирге қазақ-орыс лигаларын қосқанда 13 команда қатысты. Турнирге төрешілік ету үшін ҚарМТУ-нде және академик Е.А.Бөкетов атындағы ҚарМУ-нде оқитын, пікірталас клубтарының белсенділері шақыртылды.

Турнир бастапқы іріктеу 3 кезеңінен өтті, әр кезеңге жеке тақырыптар таңдалып отырды. 3 кезең бойынша үздік шыққан 2 команда 1 орынға, 3-ші, 4-ші орын алған командалар 3-ші орынға таласты.

Нәтижесінде қазақ лигасында №1ЖББ бөлімінің Өрлеу командасы жеңіске жетті, 2-ші орын ОЖТ және РЭС бөлімінің Жігер командасы қанжығаларына байлады. 3-ші орынды тағы бір №1ЖББ бөлімінің Самұрық командасы түйіндеді. Орыс лигасында 1-ші орын ТОРА бөлімінің, 2-ші орынды ГС бөлімінің, 3-ші орынды ВТП және ООД№2 бөлімдерінің құрама командасы иеленді. Үздік спикер атағына қазақ лигасында Пермешов Нұржігіт, орыс лигасында Мархевка Дмитрий тамаша ойындарымен лайық деп танылды. Үздік атанған командалар 15-ақпанда Жезқазған қаласында өтетін облыстық турнирге жолдама алды. Осы командаларға облыстық турнирде тек қана жеңіс тілейміз!

Осы турнирге қатысқан және өтуіне ат салысқан студенттер мен оқытушыларға, әділ қазы алқаларына, сондай-ақ қолдау білдірген колледж Әкімшілігіне алғыс айтамыз!